Мектеп жасына дейінгі балалардың тілдерін халық ауыз әдебиетін қолдана отырып дамыту

І Кіріспе
1. Көшпенділер заманындағы халық ауыз әдебиеті

ІІ Негізгі бөлім

1. Ертегілер арқылы балдырғандардың тілі мен ой-өрісін дамыту

2. Батырлар жыры мен жыр-дастандарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу әдісі

3. Балалардың тілдерін мақал-мәтелдерді, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды қолдана отырып дамыту

ІІІ Қорытынды
1. Халық ауыз әдебиетін ХХІ ғасыр балаларына бейімдеудің маңызы

Қазақ халқы ертеден ұрпағының саналы жетілуіне аса қатты мән берген. Ұлын «төрем», қызын «арым» деп балаларын мағыналы сипатпен атап, өскелең ұрпаққа сөз құдіретін жастайынан-ақ көрсете білген. Баланың саналы қалыптасуы алдымен үйдегі тәрбие, соның ішінде ата-ана мен қоршаған ортасындағы әңгіме, һәм сөз саптаудан басталады. Бұл ретте халқымыз үлкен даналық танытқан. Мақал-мәтел, өлең-жыр, ертегі, әңгімелер, аңыздар ойлап шығарып, оларды балаларға жаттату арқылы балаларының тілдік дағдыларын жетілдіріп отырған.


Жеке тәжірибеме сүйене отырып, бүгінгі таңда мектеп жасына дейінгі балалардың кеш сөйлеуі қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын айта аламын. Бұл өзекті мәселе болып отыр. «Неге?» деген сұраққа мақаламды жазу барысында тоқталып кеткім келеді. Жасырын емес, жаңа заманда, әсіресе соңғы жылдары жұмысбастылық салдарынан ата-ананың баласына көңіл бөлуі әлдеқайда төмендеді. Аталған себептен, бала мен ата-ана арасындағы диалогтың да сапасын төмендей бастады. Бұрын ата-әжелеріміз бала тәрбиесінде мақал-мәтел, нақыл сөздер қолданатын болған. Ондай күрделі тіркестерді қайталауға баланың тілі келмесе де, санасына сіңе берсін деген мақсатпен айтатын. Сол сияқты, балалармен жұмыс істегенде халық ауыз әдебиетін қолдану – баланың тілін, ойлауын дамыту, мінез-құлқын реттеу үшін жақсы жағдай жасайды.


Халық ауыз әдебиетінің үлкен бір тармағы ертегі терапиясы. Ертегі тыңдап өскен бала қашан да зерек, алғыр, ұғымтал, әрі ойға жүйрік болады. Ертегілердегі қиял-ғажайып кейіпкерлер мен қызыққа толы шытырман оқиғалар баланың ой-өрісін дамытады. Тәжірибе көрсеткендей, ойлау қабілеті жоғары адам сөйлегенде де қысылмайды. Ал бұл бала күннен қалыптасатын дағды.


Қазақ халқы салт-санасындағы көзқарасы жайында неше түрлі өлең-жырлар, ертегі-әңгімелер, мақал-мәтелдер, аңыздар ойлап шығарған және оларды суырып салмалықпен тудырған. Оқу мен жазу әлі пайда болмаған кезеңде, сол туындыларын ұрпақтан-ұрпаққа ауыз екі тілде жеткізіп, ғасырлар бойы сақтап келген. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атайды.


Мен өз сабақтарымда балалардың тілін дамыту үшін халық ауыз әдебиетінің ертегі тармағын қолданамын. Ол үшін алдымен топтағы балалардан шеңбер жасап отыруларын сұраймын. Кейін, бала-бақша жасындағы балаларға арналған шағын ертегілерді оқып беремін. Ертегі аяқталған соң, балалардан оқыған шығарманың мазмұны мен кейіпкерлердің іс-әрекетіне қатысты пікірлерін сұраймын. Байқағаным, балалар ертегі желісімен қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы ойларын еркін жеткізіп үйренеді. Сөздік қорлары көбейіп, сөздерді дұрыс айтуға машықтанады. Сондықтан, осындай топтық жұмыстарды жиі өткізіп тұруға тырысамын.


Ұлтымыздың айрықша мәдениеті жыр-дастандардан көрініс табады. Жазу-сызу болмаған заманда батырлардың асқан ерлігі мен жаугершілігін сол дәуірдің ақын-ғұламалары ауызша түрде суырып салмалықпен әнге, қара өлеңге қосып жырлаған. Оны ғасырлар бойы жыршылар жаттап, оны халық арасында таратып отырған. Кейбір деректерге сәйкес, бір ғана жырдың өзін жыршылар бірнеше күн бойы жырлаған деседі. Жазу пайда болған кезде сол лиро-эпостық жырларды балбық тастарға түсірген. Оған дәлел Күлтегін ежелгі түркі жазба ескерткіші.


Мектепке дейінгі балаларға жыр-дастандарды қысқаша мазмұндап беру арқылы біз екі нәрседен ұтамыз: біріншіден, рухы биік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білетін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелейміз. Екіншіден, түсінгенін мазмұндату арқылы баланың тілінің жақсы дамуына жол ашамыз.


Мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, қысқа әңгімелер халық ауыз әдебиетінде, соның ішінде балалар әдебиетінде ерекше орынға ие. Мақал-мәтел – талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай асыл қазына. Одан халқымыздың өнегендігін, көрегендігін аңғарамыз. Бірнеше сөйлемнен тұратын әңгімені «бір-ақ ауыз сөзге сыйдырып» мақалдатып, мәтелдетіп қойған. Балалар бақшасының тәрбиеленушілерін ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстырып, олардың ой-өрісін байыта түсу тәрбиешілердің міндеті болып саналады. Жұмбақтың да жауабын табу үшін балаларға логикасын қосуға тура келеді. Басында айтқанымдай, бала санасын дамыта отырып, біз оның тілдік дағдыларын да дамытамыз. Тілдік дағды демекші, сөйлеуге машықтайтын жаңылтпаштарымызды атап өтпеске болмас. Жаңылтпаштарды жаттау арқылы балалар сөз бен сөздің айырмасын, ұйқастар ретін ұғына бастайды.


Жұмысым барысында балабақша тәрбиеленушілеріне ауыз әдебиетінің үлгілерін үйретуге баса назар аударамын. Түрлі тақырыптағы ертегілер оқып, сұрақ қою арқылы балаларға жүйелі мазмұндауды үйретемін. Ертегі-әңгімелерде кездескен кейіпкерлердің диологтарын өзара қайталап айтуларын сұраймын. Қысқа өлең шумақтарын жаттатып, мәнерлеп оқуды үйретемін.


Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде бүлдіршіндердің ой-өрісін, туған тілі мен халқына деген махаббат пен мақтанышын оятып, бойларына ұлттық сана-сезім ұялату ана тілін құрметтеуді үйретуден басталады. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып сақталып келген халқымыздың ауыз әдебиетінің – бала тіл байлығын молайтуға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз…


Қорыта келе, айтпағым халық ауыз әдебиетінің ескі үлгілерін жаңа заман балаларына арнап бейімдеу қажет деп есептеймін. Мысалға, қазіргі балалар кез-келген тақырыпты ойын түрінде жеткізіп берсе, ұғып ала қоятын қасиетке ие. Яғни, халық ауыз әдебиетін де көбінде осы ойындар арқылы немесе шағын театрланған қойылымдар арқылы жеткізуге болады. Көзбен көріп, құлақпен естіген дүние есте жақсы сақталады. Егер, осы қойылымдарды балалардың өздері қоятын болса, онда бүлдіршіндеріміз рухани азықтанып қана қоймай, сонымен қатар тілдік дағдыларын да оңды қалыптастырады. Жеке тәжірибемде осы тәсілді үдемелі қолданатын болған соң, бұл тәсілдің пайдасы зор екенін көріп жүрмін. Тапқырлық, шапшандық, батылдық қасиеттерін дамытатын ойындардың бала тәрбиесінде алар орны жоғары. Мысалы, «Ақ серке, көк серке», «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Тәй-тәй», «Соқыр теке» ойындары. Аталған ойындар да ауыз әдебиетінің үлгісін көрсетеді.


Сөз соңында, бала тілінің бай, сөздік қорының мол, сөздерінің көркем, сөйлемдерінің мазмұнды болуы үшін халық ауыз әдебиетінің берер маңызы өте мол екенін айтқым келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер  тізімі:

  1. Қазақ этнопедагогикасы- тәрбие бастауы. (әдістемелік құрал Астана 2011ж)
  1. А.Бәделқызы халық қазынасы Астана 2012ж

Авторы: Жанар Оязова, “Арина” бастауыш гимназия” ЖШС тәрбиешісі


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *