• Әуезов атындағы ОҚУ зерттеу университеті мәртебесін алады

ЖОО QS WUR халықаралық рейтингінде үздік 300 университет қатарына енуді жоспарлап отыр.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне зерттеу университеті мәртебесін беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашқы НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған деп хабарлайды informburo.kz

Сондай-ақ, университеттің 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы әзірленген. Оған сәйкес, университет QS WUR халықаралық рейтингінде ТОП-300-ге кіруді, халықаралық аккредиттеуден өткен білім бағдарламаларының үлесін арттыруды, сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларды даярлау сапасына қанағаттану дәрежесін арттыруды жоспарлап отыр.

Оқу орны шетелдік оқытушылар мен шетелдік білім алушылардың үлесін арттыруды көздейді. Бұл негізінен шетелдік филиалдар ашу есебінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар, даму бағдарламасында университет базасында «Жас кешу» аграрлық ғылыми-технологиялық паркін құрылатыны да жазылған.

Бағдарлама толық және сәтті жүзеге асқан жағдайда университетте жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылардың, яғни магистранттар мен докторанттардың үлесі 25 пайызға артуы тиіс.