Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу ақысын көтеру мәселесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды bilikti.kz порталы Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жыл сайын біз университеттерден оқу ақысын көтермеуді сұраймыз, бірақ нарықтағы бағаның өзгеруіне байланысты ЖОО-лар оқу құнын инфляция сандарына байланысты қайта қарайды», деп түсіндірді Қуаныш Ерғалиев.
Бұл ретте вице-министр өткен жылғы инфляцияны мысал ретінде келтірді.
«Мәселен, өткен жылы, инфляция 14%-ды құрады, кейбір жоғары оқу орындары да оқу ақысын 14%-ға көтерді. Әрине, біз жоғары оқу орындарын оқу ақысын көтермеуге шақырамыз, бірақ жағдай экономикалық жағынан әр түрлі болуы мүмкін», деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.
Оның айтуынша, әр университеттің өзіндік құны бар, орташа көрсеткіш — жылына 300-400 мың теңге. Бірақ кейбір университеттерде жылдық оқу ақысы 500-600 мың теңгеден де асады.
«Оқу құны — өзекті мәселе, келісемін. Айта кетсек, оқу ақысын жоғары оқу орындарының өздері анықтауға құқылы. Оқу ақысы олардың шығындарына да байланысты өзгеруі мүмкін. Барлығы экономикаға байланысты. Инфляция деңгейіндегі өсу — бұл табиғи процесс», деп қосты вице-министр.
Жалпы, Қазақстанда 600 мың студент бар. Олардың шамамен 40%-ы грантта оқыса, қалған 60%-ы ақылы негізде оқиды.