Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу БАҚ өкілдерімен кездесіп, оқу ордасының жетістіктері мен алдағы жоспары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Назарбаев Университетінің құрылғанына 12 жыл толып отыр. Шигео Катсу мырза әңгімені осыдан бастады.
«Университет 2010 жылдың жазында ашылған еді. 2011 жылы университетке академиялық еркіндік пен институционалдық дербестік беретін арнайы заң қабылданды. Қазақстандағы және жалпы өңірдегі университеттердің деңгейі өсуі үшін университеттердің мықты желісін құрсақ дейміз», — дейді университет президенті.
Оның пайымынша, Қазақстан билігінің жоғары білім мен ғылымды дамытуға арналған бастамалары университеттің бағытымен үндесіп жатыр.
«Мемлекет бәсекеге қабілетті болу үшін оның азаматтары бәсекеге қабілетті болу керек. Назарбаев Университеті талантты оқушылар мен студенттерді шоғырландыратын ортаға айналып отыр. Бізді қоғамның өзгеруіне әсер ететін құрал ретінде көре бастады. Өйткені, болашақ көшбасшылардың буынын тәрбиелеу үшін құрылған болатынбыз. Мұны бірде-бір университет өздігінен жасай алмайды. Өзіміздегі студенттермен шектеліп қалмай, басқа университеттердің талантты студенттерін осындай ортаға тартуымыз керек», — деді ол кездесу барысында.
Аталған 12 жылдың ішінде бұл университеттен 8 буын түлек шыққан.
«Бизнеске кеткен түлектеріміздің көбі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысады. Біздің студенттер бар білім-білігі мен қажыр-қайратын қоғам игілігіне арнауды міндетіміз деп түсінеді», — дейді Шигео Катсу мырза.
Әңгіме кезінде ол университеттің Жаңа Қазақстанның дамуына қалай үлес қоса алатынын атады.
«2018-2030 жылдарға арналған стратегиямыз бойынша, біздің мақсатымыз – әлемдегі озық зерттеу университеттерінің үздік 20%-ы топтасқан қатарға қосылу», — дейді Назарбаев Университетінің президенті.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жоғары білім беру ісінде техникалық бағытқа басымдық беру туралы ұстанымы да университеттің жұмыс моделімен үндес.
«Біздің студенттердің 2/3 бөлігі математика, инженерия, технология, медицина саласында білім алады. Зертханалар құрып, эксперименттер жүргізу көп ақшаны талап етеді. Сондықтан, бюджеттің 80%-ы техникалық бағыттағы бағдарламаларға жұмсалады», — дейді ол.
Ғылым менеджері қазір әлем елдерінің бәрі білім мен ғылымның құнын жете түсініп отырғанын еске салды.
«2018 жылы үздік университеттер рейтингінде 1 100 оқу орны бар еді. 4 жылдан кейін 1 800 университет болды. 2030 жылға қарай 2 500, тіпті 3 000 университетпен бәсекеге түсетін шығармыз. Қазір көп ел жоғары білімге дамудың көзі ретінде ғана емес, жан-жақтан таланттар тартудың көзі ретінде инвестиция салады», — дейді ол.
Назарбаев Университеті Еуропа мен Азиядағы университеттер қауымдастықтарына қосылу арқылы өздеріндегі білім бағдарламаларын институционалдық деңгейде аккредиттеуге күш салып отыр.
«Қазақстан шикізатқа, жалпы көмірсутек экспортына шамадан тыс тәуелділіктен бас тартып, неғұрлым әртарапты экономикаға көшуді міндет етіп отыр.
Біз бизнеске арналған кампус салып, сол арқылы халықаралық компанияларды тартуды көздеп отырмыз. Бұл – ел экономикасын әртараптандырудың ажырамас бөлігі. Сондай-ақ, еліміздің басқа өңірлерінде, соның ішінде Алматыда да жұмыс істеуге ниеттіміз.
Денсаулық сақтау министрлігімен бірге биомедициналық кластерді дамытқымыз келеді. Біздегі Медицина мектебі мен UMC ауруханалар жүйесі халықаралық ауруханалардың бірыңғай жүйесіне кіруді жоспарлап отыр. Осылайша, Астананың медициналық туризм ошағына айналуына үлес қоссақ дейміз», — деді Шиего Катсу мырза.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде университетті қаржыландыру мәселесімен байланысты сұрақтар көп қойылды.
«Үнемі мемлекет бюджетіне арқа сүйеу соншалық қолайлы емес. Сондықтан, біз қаржыландыру көздерін әртараптандыруға тырысамыз. Оның үстіне биыл пандемия мен Украинадағы геосаяси жағдайға байланысты бірқатар қиындықтарға тап болдық. Жаһандық қиындықтардан Қазақстан да шет қалған жоқ. Биылдан бастап мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражатты 25% қысқартып отырмыз. Біз үшін бұл – әрі үлкен қадам, әрі үлкен сынақ. Біз «Болашақ» бағдарламасындағы бакалавриат сатысының орнын жапқандықтан, студенттеріміздің 90-95%-ы грантта оқиды.
Бұл – бір жағынан дұрыс, талантты жастар кедергісіз білім алғаны керек. Тағы бір жағынан ақылы негізде оқи алатын студенттердің үлесін ұлғайтқымыз келеді. Бұл біздің қаржылық тұрақтылығымыз үшін маңызды болмақ», — деді университет президенті.
Шигео Катсу мырза әлемнің атақты деген университеттерінің ең ежелгілері қазіргі деңгейге жету үшін 800 жылдан бері ғылымға қызмет етіп келе жатқанын мысал етіп келтірді.
«Қазіргі бағытымыздан айнымай, осы қарқынмен жылжи берсек, 2030 жылға қарай Назарбаев Университеті арқылы Қазақстан ғылымын дамытуға салынған күш пен ресурстың жемісін бүкіл халық сезінеді», — деп түйіндеді университет басшысы.