«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ ҰЛЫТАУДАҒЫ АУДАНДЫҚ МЕКТЕП БАЗАСЫН ЖАҢАРТТЫ

«Қазақстан халқына» қоры еліміз бойынша 17 ауылдық мектепті заман талабына сай жаңғыртуды қолға алды. Мақсат ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелерді енгізу. Аталмыш жобаға іліккен Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебінде педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар нысанның материалдық-техикалық базасын нығайту жұмыстары жүзеге асырылды. Ауыл оқушылары қаланың балалары сияқты түрлі мүмкіндіктерге ие болуы қажет. Ол бүгінгі күннің талабы. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасының көксегені де осы. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоры 250 млн теңге бөліп, аудандық мектептің базасын жаңартып берді. Білім ордасындағы 34 кабинет жаңаша сипат алды.  Эльдара Обайдулина, оқушы: — Жалпы мектебіміздің іші жаңарып, жақсарып жатыр. Бұл бізді өте қатты таңғалдырып қуантты деп айтсақ болады. Бұндай мектеп біздің білімге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті.  Мектепте STEM зертханасы, логопед, арт-студия кабинеттері ашылды. Басқа мектептермен онлайн форматында тəжірибе алмасуға мүмкіндік беретін телестудия жасақталған.  Жанар Төлегенова, мектеп директоры: — Студия, робототехника сияқты кабинеттер ашылды. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебі базасында мұғалімдерімізді семинарлар, курстардан өткізіп, біліктілігін арттыруда. «Қазақстан халқына» қоры мұндай жобаны еліміздің 17 облысында жүзеге асыруды көздеп отыр.  Бұл бастама сол мектептерде оқитын 13 мыңнан астам оқушыны қамтып, оларға білім беретін 2 мыңға тарта мұғалімнің біліктілігін көтеруге мүмкіндік береді.

Дереккөз: 24.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *