Қазақтың қазақылығы — салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ас мәзірі, ойындары мен ұлттық өнерінен көрініс табады. Ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрімізді Тәуелсіздік алғалы қайта түгендегендейміз. Бүгінде төл салтымыз бен ұлтымызға тән өнерімізді жаңғыртып жүрген азаматтар саны кем де кем. Олар «Ұлт жанашыры, патриот» деген атауларға әбден лайық тұлғалар. Сондай жанның бірі Ләйлә Ерболатқызы. Халықаралық би сайыстарының жеңімпазы, биші, бүгінде шәкірт тәрбиелеген тәлімгер. Ол 2017 жылы сонау Қытай Халық Республикасынан елордасы Астана қаласына көш аударған. Тоғыз жылдық тәжірибесі бар кәсіби биші. Қазіргі уақытта «Ағажай-Алтай» би үйірмесінің жетекшісі. Сәті түсіп, Ләйлә ханыммен сұхбаттасқан едік. Оқи отырыңыздар.
— Ләйлә ханым, алдымен, осы сұхбатқа келісім бергеніңізге алғыс білдіреміз. Өз сөзіңізде Қытай елінен көшіп келгеніңізді айттыңыз. Соған қатысты сұрағым бар еді. Қазақстан мен Қытай еліндегі қазақтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды ұстануында ерекшеліктері бар ма?
— Оқырмандарыңызға қайырлы күн тілеймін. Сұрағыңыз орынды. Жалпы, Қазақстан қазақтары салтымызға берік емес, ұстанбайды деп айта алмаймын. Әркім шамасы келгенше той томалақ болсын, өзге де жиындар болсын ұлттық дәстүрімізді барынша қадағалауға тырысады. Бірақ ұлттық би, ән мен күйді, ұлттық ойындарымызды көп жағдайда Наурыз мерекесінде ғана байқаймын. Басқа уақыттарда көп көрмеппін. Негізі ұлттық өнерімізді жай күндері де әспеттесек артық болмас деп ойлаймын. Осы би үйірмесін ашудағы мақсатым да сол еді. Нақты айтсам, ұлттық биімізді дәріптеп, ұмытылған би түрлерін қайта жаңғырту. Алла қаласа, сол ниетіме жетемін деп үміттенемін.
— Қытай елінде тоғыз жыл бойы бимен шұғылданған екенсіз. Әрине, тоғыз жыл деген аз емес. Сол уақытта Қытай еліне танылып та үлгерген шығарсыз. Барлығын тастап, ешкім сізді танымайтын Қазақстанға көшіп келу қиын болмады ма?
— Дұрыс айтасыз. Қытайда мен белгілі дәрежеге жеткен, танымал биші болдым. Ол жақтағы қазақтар мені таниды. Ел арасында беделім де жоқ емес еді. Түрлі Халықаралық би байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Соған қарамастан менің арманым Атамекеніме қоныс аударып, кішкентай бүлдіршіндерге арнап би үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеу еді… Бірде Астанада, үйде отырып, «Елімнің өркендеуіне, халқымның ұлттық құндылықтарын дәріптеуге қандай үлес қоса аламын? Қандай іс істесем, еліме пайдам тиеді?» деген ой мазалады. Сонда өзімнің бойымдағы өнерім есіме келді. «Қолымнан келеді екен, қазағыма пайдалы екен. Онда не үшін мен бұл өнерді дамытпай жүрмін?» деп ойладым. Аллаға шүкір, қазір мақсатыма жету жолындамын. Үйірмем ашылып, бұл күні отыздан астам қыз балаға би үйретудемін. Алдағы уақытта үйірмені кеңейтіп, бәлкім, би мектебі дәрежесіне дейін жетіп қалармыз. Барлығы уақыт еншісінде.
— Ашық жауап бергеніңізге рақмет. Әңгімеміз би туралы болып жатыр ғой, соған қатысты сұрағым бар. Негізі, биге деген қызығушылық неден басталды? Қай уақытта биші болу туралы шешім қабылдадыңыз?
— Бала күнімнен өнерге, соның ішінде биге деген қызығушылығым басым болды. Бойымдағы осы табиғи талантымды ата-анам дер кезінде байқай білді. Сахнаға деген құштарлығым жоғары еді. Содан қызығушылығыма қарай, балалар би үйірмесіне бардым. Сөйтіп жүріп ел көзіне түстім. Көрермен өнерімді бағалай бастады. Содан, бір күні өзіміз тұратын жердегі үлкен мәдениет орталығы маған шақырту жіберді. Сол мекемеде жүріп, Қытайдың талай ең мықты деген би үйірмелеріне мені білім толықтауға жіберді. Содан тоғыз жыл бойы сол Мәдениет орталығында қызмет істедім. Көптеген додаларда бақ сынап, жоғары дәрежелі орындар иелендім. Жасөспірімдер арасындағы Халықаралық би жарысының «Алтын медаль» иегері атандым. Қызметтен тыс уақытта бүлдіршіндерге арналған би үйірмесін ашып, түрлі ұлттың билерін үйретіп, сахнаға тәрбиеледім. Шәкірттерім де ізімді жалғап, аудандық би жарыстарынан «Алтын медаль» алқалады.
— Шәкірттеріңіздің алар асуы әлі де көп деп сенеміз. Осы орайда, сұрағым келгені, үйірмеңізді аштыңыз. Кәсібіңізді тіркедіңіз, бірақ іс мұнымен бітпейді ғой. Топтарға балалар жинау керек дегендей. Ата-аналар қазіргі уақытта, балаларын көрінген үйірмеге бермейді. Ұстаз жайлы сұрастырып, оның біліктілігіне көздері жеткен соң ғана балаларын сол үйірмеге жібереді. Ал сіз жайында, өзіңіз де айтып отырсыз ғой, ешкім білмейтін деп. Сондықтан, үйірмеге бүлдіршін жинау жағы қалай болды, айтып өтсеңіз.
— Бастапқыда жасыратыны жоқ, топтағы балалар саны аз еді. Қазір бірнеше топқа жетекшілік етсем, басында жалғыз ғана топ болды. Онда да бала саны өте аз еді. Бірақ, барға қанағат етіп, сол балалардың қанаттанып кетуі үшін барымды салдым. Олардың ата-аналарының сенімін ақтау керегін де жақсы түсіндім. Көп еңбектендім. Балаларды қалалық, облыстық, республикалық, Халықаралық деңгейдегі жарыстарға шығара бастадым. Балалар да менің үмітімді ақтап, жүлделі орындар иеленіп келеді. Сахнада емін-еркін, мың бұрала билеп жүрген балаларын көрген ата-ана да разы. Осы орайда айта кетсем жөн шығар, артымнан ерген үздік шәкірттерімнің бірі Даяна шетелдік байқауларға шақырту алып жатыр. Алла қаласа, Халықаралық деңгейдегі бәйгелерге жол тартамыз. Қазір соларға жаңа би дайындау үстіндеміз… Көп адам кәсіби биші болмағандықтан, биді терең түсіне бермейді. Негізінен, би деген тек қана иілімдер мен қимылдан тұрмайды. Би деген бұл спектакль сынды дүние. Онда да сахналық образ бар. Бишінің мимикасы, киімі, қимыл арқылы бидің мағынасын жеткізуі, мұның барлығы терең білім мен еңбекті талап етеді. Алға қойған мақсатымыз ұлттық би өнерін елімізде көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар шет мемлекеттерде көрсету. Біздің ұлттық колоритімізге әлемнің назарын аударту. Өйткені, қазақтың ұлттық биіне теңдесер би өте аз. Жалпы, қазақ қызының бойындағы биязылық, кербездік, нәзіктіктің барлығы осы биде жатыр ғой.
— Бәрекелді! Сіз тек қана балаларға би үйретесіз бе әлде қыз-келіншектер де үйірмеге қатыса ала ма?
— Мен кішкентай бүлдіршіндермен және әйелдермен де жұмыс істеймін. Қазіргі таңда ересектер тобы бар. Ол жерге қыз-келіншектермен әртүрлі стильдегі билер билейміз, жаттығулар жасаймыз. Бұл салауатты өмір салтын ұстанатын арулар үшін таптырмас орын десем де болады. Келушілердің кейбірі артық салмақтан арылу үшін келсе, кейбірі үнемі көтеріңкі көңіл-күйде болу үшін келеді. Би деген энергияға толы жүруге септігін тигізеді ғой. Үйірмеге келемін деушілер болса, есігіміз әрдайым ашық.
— Ләйлә Ерболатқызы, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет! Бағындырар шыңыңыз көп болсын! Шәкірттеріңіз сізді қуанта берсін! Отбасыңызға амандық тілейміз!
bilikti.kz
Керемет үстаз,өз ісінің маманы,нәзік,биазы, қызым биге қуана қуана барады,.
Лайла ханымнын бойындағы нәзіктік пен қарапайымдылық өзіне тән сүйкімділік пен сыпайлықты,әр қазақ қыздарыңа жеткізе берсін деген тілек айттым келеді,.Әр қазақ келіндері үлгі аларлықтай.Алла қолдап биіктерден көріне беріңіз.
6 декабря, 2022 в 7:31 дп
Ваш комментарий ожидает проверки.
Керемет үстаз,өз ісінің маманы,нәзік,биазы, қызым биге қуана қуана барады,.
Лайла ханымнын бойындағы нәзіктік пен қарапайымдылық өзіне тән сүйкімділік пен сыпайлықты,әр қазақ қыздарыңа жеткізе берсін деген тілек айттым келеді,.Әр қазақ келіндері үлгі аларлықтай.Алла қолдап биіктерден көріне беріңіз.
Ответить