3 пен 4 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалардың тілдерін ойын арқылы дамыту

КІРІСПЕ

  1. 3-4 жастағы балалардың даму ерекшелігі

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

  1. Айналамен таныстыру ойындары арқылы бала тілін дамыту
  2. Сұрақ қою мен жауап беру тәсілдерін қолдана отырып бала тілін дамыту
  3. Мазмұндау тәсілдері көмегімен сөйлем құрауға бейімдеу

ҚОРЫТЫНДЫ

  1. 3 пен 4 жастағы балалардың тілін ойын арқылы дамытудың маңызы

    Мектеп жасына дейінгі балалардың ана тілі грамматикасын меңгеруі күнделікті өмірде, ересектермен сөздік қарым-қатынас құру барысында іске асады. 3 пен 4 жас аралығындағы баланың сөзі жай және құрмалас сөйлемдерден тұрады. Алайда күрделі сөйлемдерді құра білгенімен, морфологиялық жалғауларды өте баяу меңгереді. Яғни, осы жастағы балалар сөйлем құру барысында сөздерді көбінесе жалғаусыз, жұрнақсыз айтады.

         Сондықтан мен өз сабақтарымда тіл дамыту жаттығуларын жасауды үйретемін. Мәселен, дара сөздерді жіктік, септік, тәуелдік жалғауларында қолдануды, түбір сөздерден сөз тудыру тәсілдерін үйретіп отырамын. Бұл жастағы балалар ересектермен сөйлесуге өте ынталы болады. Түрлi сауалдар қойып, оқып берген ертегілерді ден қоя тыңдайды, артынша мазмұндап беруге де ынталы болады. Жалпы айтқанда, танып-білуге деген құштарлығы жоғары болады.

         Осы жастағы балалардың тағы бір ерекшелігі олардың кез-келген әрекетке асқан қызығушылық танытуы. Мәселен, бұған дейін олар заттарды ұстап, дәмін татып көрсе, 3 немесе 4 жасынан бастап, қоршаған ортаны көзбен көру арқылы тануға көшеді. Айналасындағы жаңа заттарға қарап, түстерін, түр –сипатын ажырата бастайды. Дәл осы жаста балалардың иіс және дәм сезу мүшелері де нығая түседі. Сол себепті, мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тербелейтін негізгі іс-әрекет – ойын. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғат құбылыстарымен, қоғаммен, кәсіп түрлерімен танысады. Халқымыз ойындарды тек балаларды алдандыру, көңілін көтеру әдісі деп қарамаған. Жас ерекшелігіне байланысты түрлі деңгейдегі ойындарды ойлап тауып, балаларына үйретіп отырған. Жалпы, ойындар баланың өмірге деген көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастыру құралы болып саналады.

         Қоршаған орта, табиғат, жануарлар әлемі, бау-бақша өсімдіктерінің атауын атап, суреттерін көрсету арқылы бала тілін қалыптастыру ең нәтижелі жұмыс деп білемін. Өйткені, бала көзімен көріп, құлағымен естіп, өз аузымен қайталаған дүниесін жақсы жаттап алады. Әсіресе, жаттығулардың ойын түрінде болғаны баланың қызығушылығын бірден оятады. Тағы бір ойын түрі «Жасырын тұрған ойыншықты тап» деп аталады. Мысалы, ойыншық аюды не қуыршақты жасырып, заттың қай жерде екенін сұрағанда, бала:  «аю орындықтың үстінде, қуыршақ еденде немесе доп үстелдің жанында, мысық машинаның үстінде отыр» — деп жауап береді. Бұл ойын арқылы балалар заттардың атын атауды, олардың түрлерін ажыратуды үйренеді. Келесі ойын: «Жануарлардың дыбысын сал» деп аталады. Әр баланың қолына бір ойыншық жануардан беріледі. Балалар қолдарындағы жануарлардың қандай дыбыс шығаратынын кезекпен айтуы керек. Ойын баланың қоршаған ортамен танысуына септігін тигізеді.  

         Сөйлемнің грамматикалық құрылымын меңгерту дидактикалық ойын мен түрлі жаттығу жұмыстары арқылы жүзеге  асады. Мысалы, зат есімдерге жалғаулар қосып айтуды үйрету үшін «Кімге не керек?», «Кімде не жоқ?», «Кім қайдан келді?» деген сияқты ойындар ойнатамын. Мысалы, «Арманға не керек? — Арманға доп керек» немесе «Айлинда не жоқ? – Айлинда мысық жоқ», «Айым қайдан келді? – Айым үйінен келді». Бұл ойынды ойнау арқылы бала сөзге жалғау қосып сөйлеудің маңызын түсінеді.

         Мектепке дейінгі жастағы балалардың мазмұндау дағдыларын дамыту үшін суреттер көрсетіп шығармашылық әңгіме құрауларын сұраймын. Берілетін тақырыптар: «Бақша ауласында»,  «Ауылға барғанда не көрдік», «Қыста қалай ойнаймыз?», «Зообақта көргендерім». Балалар бастарынан кешкен оқиғаларын баяндай отырып, сөйлем құрау қабілеттерін жетілдіреді әрі ойлау дағдыларын да қалыптастыра бастайды. Кез-келген жаңа дүниені бірнеше мәрте қайталау арқылы қалыптастыратынымызды ескерсек, онда балаларды мейлінше көбірек сөйлетудің аса қажет екенін түсінеміз.

         Тәрбиеші ретінде, жеке тәжірибеме сүйене отырып, ойын түрінде берілген ақпараттың бойға сіңімді екенін әлдеқашан ұқтым. Сондықтан келесі, ойын да бала бойындағы қабілетті анықтауға, сондай-ақ, оның сөйлеу формасын қалыптастыруға негізделеді. Ойынның аты «Кім не істейді?» деп аталады. Бұл ойында адамдардың еңбек процесін, яғни, мамандығын  білдіру үшін «Кім не істейді?» деген сұрақ қойылады.  Мұндайда балалар әр мамандыққа байланысты суреттерді таңдап алып, олардың істейтін жұмысын айтып береді. Мысалы, мен жеке сөздер айтып тұрамын, ал балалар сол сөздерді кірістіріп сөйлемдер құрайды:

Дәрігер    . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . (адамдарды емдейді)

Аспаз  . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .(тамақ пісіреді)

Мұғалім . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .  (сабақ оқытады) т.б.

Үй жануарлары не істейді.

        Сиыр қайтеді? Не істейді? – мөңірейді, шөп жейді, жайылады т.б.

        Жылқы қайтеді? Не істейді? – кісінейді, шөп жейді, жайылады.

        Ит қайтеді? Не істейді? – үреді, үйді күзетеді.

        Осылайша жануарлардың суреттерін көрсетіп, олар туралы балаларға айтқызу қажет:

Мысық…

Қой…

Әтеш…

Бала тіліне образды сөздерді қалыптастыру үшін арнайы лексикалық жаттығулар жүргіземін. Ол үшін «Сипатталған затты тап» (жасыл, бұйра, түсі ақ), «Қайсысы қалай дыбыстайды», «Мына заттар туралы сипаттап айт» ойындары пайдаланылады. Мұндайда сөйлесу тақырыбы – үй жануарлары мен жабайы аңдар, бөлмедегі, бақша алаңындағы ойыншықтар, өсімдіктер, көлік түрлері жайлы әңгімелесеміз.

          Осы мақаламда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудегі ойынның маңызын қарастыруға тырыстым. Балалардың психологиялық ерекшеліктерін негізге ала отырып, олардың ой-танымын, қиялын, тілін, ой-өрісін дамытуды мақсат етемін.

         Қорыта келе, ойынның бала тілінің жетілуіне қосатын үлесінің зор екенін айтқым келеді. Әсіресе, 3 пен 4 жас аралығында, яғни, ойлау қабілеті дамып келе жатқан сәтте баланың сөздік қорына жаңа сөздерді қосуға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.ҚР Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты, 2012 ж (2016 жылы жаңартылған)
2.Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы, 2016 ж.
3.Аймауытов Ж. «Тәрбиеге жетекші», Қызылорда. – 1926 ж
4.Аймауытов Ж. «Жан жүйесі», Қызылорда,. 1929 ж
5.Выготский Л.С. Игра и ее роль в психическом развитии ребенка дошкольное образование (Пр.). – 2005. — №5.

Авторы: Әсем Айбас, “Арина” бастауыш гимназия” ЖШС тәрбиешісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *