Елімізде ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда 70 пайызға артты. Салада конкурстар мен гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Сондай-ақ ғылым комитетінің басшысы ұлттық кеңестер жұмысына үлкен олқылықтар болғанын айтты. Осыған дейін шешімдер жасырын түрде, жабық қабылданып келген. Ал енді жұмыс форматы өзгерді. Жетекші ғалымдар наукометрия негізінде таңдалып, кеңес құрамы 85% жаңартылды. Дархан Ахмед-Заки ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы: – Соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Егер бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жарияланса, енді конкурстар жыл сайын өткізіледі. Гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Атап айтақанда, жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді, жеке гранттар деген секілді. Нысаналы қаржыландыру нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге ғана бөлінеді.
Дереккөз: 24.kz