Біз бүгін жас та болса, бас болған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт жас режиссер Арман Сапиолдамен сұхбаттасамыз. Арман қазіргі уақытта жастар арасында кең танымал «Комната 209» сериалының режиссері. Сериал біраз уақыт бойы ютубта ТОП-та тұрды. Әрбір сериясы кемі 1 миллион қаралымнан жинады. Шығармашылық ұжымды осы жетістіктерімен құттықтай отырып, сұхбатымызды бастайық.
1. Алғашқы сұрақ, сұхбатымызға кіріспе болсын. Қазіргі өмірің, тыныс-тіршілігің, шығармашылығың жайында қысқаша айта кетсең.
Қазіргі уақытта таза шығармашылықпен айналысып жүрген адаммын. Нақтырақ айтсам, ол кинопродакшндағы жұмысым мен блогерлік. Продакшнда біз кино, сериал, роликтер түсірумен айналысамыз. Ал блогерлік өзімнің қосымша алып жүрген хоббиім. Тик-Ток, ютуб, инстаграмға видео-контент түсіріп жүрмін.
2. Қысқа метражды кино, сериалдарды бұрыннан түсіріп жүргеніңді білемін. Түрлі фестивальдерге қатысқаныңды да естіп-көріп жүрміз. Командаңмен жүлделі орындар алып жатсыңдар. Осы орайда сұрағым келгені, сайыстарда жеңіске жету үшін не нәрсе мықты болу керек? Сценарий ме, актерлік құрам ба әлде өзің жақсы істей білетін монтаж ба? Жалпы, бір номинацияны болсын иеленудің құпиясы бар ма?
Иә, бірнеше номинациялар иелендік. Әр сайыстың өз ережесі бар. Бір сайыстағы қазылар алқасы шығармашылық ізденіске қараса, енді бірі түсіру стиліне қарауы мүмкін. Кино болған соң, сценариі мағыналы болса, сапасы мықты болса, соған қарайды, әрине. Кино деген оркестр сияқты ғой. Әртүрлі комбинацияларды орындау арқылы толық бір дүние жасап шығамыз. Жеңіске жетуіміздің құпиясы осы шығар.
3. Осыдан төрт жыл бұрынғы интервьюде танымал кино-режиссер болғым келеді деген едің. Бүгін сол арманыңа жетуге бір табан жақын қалдың. Бірақ, әлі жету жолындасың. Бұл Қазақстанда жас режиссерлерді қолдамайтындықтан ба, әлде толық метражды картина түсіруге дайын еместігіңнен бе? Қашан тікелей сен режиссерлік еткен толыққанды сериалды немесе кино-туындыны көре аламыз?
Иә, режиссер болуды бұрыннан бері армандадым. Қазір, дұрыс айтасыз, мықты режиссер болу жолындамын. Таяуда «Комната 209» деген сериал түсірдік. Ютубта тұр. Сол сериалдан кейін режиссерліктің кішкене болсын қолымнан келетініне сенімім нығайды. Оның әрбір сериясы 1-2 миллион қаралым жинады. Бұл биылғы біздің хит жобамыз. Алла бұйыртса, келер жылы бұдан да жақсы жобалар түсіретін боламыз. Жалпы, осы жылы көптеген фильмнің режиссері болдым. Оның көбісін ешкім білмейді деп айтайын. Өйткені, олар әлі ешқандай медиа-алаңға шықпады. Осы жылы сондай-ақ, балаларға арналған кино-мектеп аштым. Балалармен бірге клиптер, жарнамалық роликтер, сериалдар түсірдік. Жалпы, биыл атқарған жұмыс көп. Өкімет қолдамайды деп айта алмаймын. Қазір, киноға көп қаражат бөлініп жатыр. Төрт жыл бұрынғыдай емес, Құдайға шүкір, қолдау бар.
4. Орыстар айтады ғой “Всё новое это — хорошо забытое старое” деп, сол сияқты вайндар да бұрын көптеп түсіріліп, кейін азайып қалып еді. Бүгінде сенің контентіңнің басым бөлігі осы вайндар екен. Соның тоқсан пайызы — өмірлік вайндар. Сондай өмірлік әзілдердің идеясы ойыңа қайдан келеді?
Иә, дұрыс айтасыз. Маған видео-блогпен, скетчтармен айналысқан өте қатты ұнайды. Бұрын 2014 жылы видео-блогпен айналысып көргем. Қазір соны қайта жандандырып жатырмын. Өзіме ұнайды. Бір жағынан, бұл менің актер болу деген арманымды орындауым. Актер болған, әзілдеген өзіме ұнайды. Қолымнан жақсы келеді деп ойлаймын (күлді). Екінші жағынан, танымал болсаң, бизнесің де жүреді, киноңды да көреді. Сол себепті блогерлік, танымалдылық қажет нәрсе екенін түсіндім де, осы жағынан да әрекеттену керегін ұқтым.
5. Монтаж жайында. Сонау мектеп кезінен бері ютуб арна жүргізесің. Ютубта АртиШоу атты бағдарламаң болды. Уақытымен түрлі қызықты видеолар салып тұратынсың. Сол салған видеоларыңның монтажын өзің жасап жүрдің. Қазір де монтажбен айналысатын шығарсың. Мысалы, телеарна, кино-әлемінде монтаж жасайтын арнайы монтажер деген маман болады. Маған қызығы — мектеп оқып жүрген бала бола тұра, күрделі монтаж жасауды қалай меңгеріп алдың? Білуімше оны өз бетіңмен меңгердің.
Иә монтаж жасауды өзім үйрендім. Жалпы, монтажбен айналысқаныма 11 жыл болған екен. Кино әлеміне қызыққан соң, монтажға да қатты қызықтым. Шығармашылық жұмыс болғаннан кейін жаныма жақын. Қазір де монтажды өзім жасаймын. Заманға қарай, көп нәрсе өзгеріп жатыр. Бұрын компьютермен ғана жасау мүмкіндігі болса, қазір телефонмен де монтаждауға болады. Мысалы, вайндардың көбісін телефонмен монтаждаймын. Компьютермен кинолардың монтажын жасаймын, арнайы эффектілер қоюмен айналысамын. Әлі күнге дейін негізгі жұмысым осы.
6. Бір кездері монтаж үйрету курсын өткіздің. Қазір де бар ма ол курс? Бар болса, қанша уақытта нөлден бастаған адам кәсіби монтажер болып шыға алады?
Иә, менің курсым бар. Курс нөлден бастаушы адамдарға арналмаған. Монтаждан хабары бар адамдарға арналған. Яғни, монтаждауды білетін, бірақ, оны тереңірек оқып, үйренгісі келетіндер үшін. Курста күрделі моушн графика, спецэффектілер жасау (арнайы эффект) үйретіледі.
7. Командаңның бар екенін білемін. Оларға қандай да бір еңбекақы, гонорар төлейсің бе? Әлде сендерді тек идея мен талпыныс біріктіре ме?
Команда бар. Бірақ олар жалақыда отырған адамдар емес. Әркімнің өз жұмысы бар. Керек кезде бірігеміз.
8. Веб-сериалдар кезеңі басталды. Олардың негізгі басым бөлігін Salem Social түсіріп жатыр. Сәлемге сценарий жазу немесе Сәлемнің құрамына кіру сияқты жоспарлар бар ма? Қалай дегенмен, олармен жұмыс істеп бастаған көптеген режиссердің бағы жанып, елге танылып кетті. Сенде де ондай жоспар бар ма?
Salem Social-мен алдағы уақытта жұмыс істейміз деген ой бар. Барлығы соған келе жатқан сияқты. Олар біздің «Комната 209» сериалымызды көрді. Ұнатты. Сондықтан, алда, бұйырса, бірге жұмыс істейміз деген ой бар.
9. Қазір жаңа сериал түсіріп жатыр екенсіңдер. Түсірілім қашан аяқталады? Қашан ютубқа шығады?
Қазіргі түсіріп жатқан веб-сериалымыз бұрынғылардан ерекше. Бұрын сериалды толығымен түсіріп болып, монтажын жасап болғаннан кейін ғана желіге салып отырсақ, бұл жолы бір-бір сериядан ғана түсіреміз. Бір сериясын түсіріп, желіге салып, одан кейін келесісін түсіріп салатын боламыз. Осылай жалғаса береді. Бұл сериалды мен таза коммерциялық жоба ретінде бағалаймын. «Джиги» деген атау бердік. Ютубтан көрсеңіздер болады. Актерлік құрамда өзіміз боламыз. Яғни, командамызбен сериалға түсеміз. Бұл бірінші кезекте өзіміздің түрімізді халыққа таныту үшін түсірілетін сериал болады. Негізі оны сериал деп емес, ұзақ видео-блог деп айтсақ та болады.
10. Соңғы сұрақ. Біздің оқырмандарымызға жылы тілегіңмен бөліссең.
Оқырмандарыңызға тілерім – өмірден өз жолдарын адаспай табу. Жалпы, адам өмірге белгілі бір миссияны арқалап келетініне сенемін, сол миссияны шатаспай тауып, сонымен айналысса адам шынайы бақытты болады. Құдайға шүкір, мен өз жолымды таба алдым. Өзіме ұнайтын нәрсемен айналысқан соң, өмірім қызықты, есте қаларлық сәттерге толы өтуде. Оқырмандарыңыз да сондай өзіне ұнайтын іспен айналыссын деп тілеймін.
Сырт көзге шығармашылық мамандықтар оңай көрінгенімен, шындығында өте терең, көтерер жүгі ауыр сала екені аян. Соған қарамастан, Қазақстанның киноәлемін дамытамын, серпін өзгеріс алып келемін деп еңбектеніп жүргенің үшін саған алғыс айтамын! Сұхбатқа келіскеніңе рахмет! Еңбегің бағалансын!
Сұхбаттасқан: Құралай Серікқызы