Қазақстанда үздік оқитын оқушылар бестік бағаларын ақшаға айналдырып, тұрмыстық және электрондық техника дүкендерінің бірінен қажетті затын сатып алып отыр. Жоба кundelik.kz платформасы арқылы жүзеге асырылуда. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі үздік бағамен бонус жинау және оны ақшаға айналдыру механизмін анықтап көрді.
Платформаны құрастырушылардың дерегінше, Kundelik Bonus – бұл ел оқушыларының қаржы сауаттылығы мен оқу үлгерімін жақсарту мақсатында әзірленген әлеуметтік жоба. Ол арқылы балалардың сабақта алған бестік бағалары бонус ретінде есептеліп, кейін оны кundelik.kz компаниясының серіктес дүкендерінен зат сатып алғанда қолдануға болады.
«K.Bonus» бағдарламасына тек 10 және 11-сынып оқушылары қатыса алады:
— әр 9 және 10 балдық формативті баға үшін оқушы +100 K.Bonus алады.
— тоқсанды 5-ке аяқтаған балаға әр пән бойынша тағы да +500 K.Bonus беріледі.
«Бұл жерде мынаны ескеру керек: оқушыларға K.Bonus және S.Bonus беріледі. Нақтырақ айтсақ, K.Bonus – бұл kundelik.kz электрондық журналда сабақ үлгеріміне байланысты алған баға үшін берілетін бонустар. S.Bonus – бұл серіктес Sulpak компаниясының бонустары. Ол арқылы оқушылар аталған дүкеннен зат сатып алу кезінде тауар құнының 50 пайызын төлей алады. Ол үшін сіз әуелі кundelik.kz-те K.Bonus-тар жинайсыз. Кейін оны жоғарыда көрсетілген дүкеннен зат алу үшін S.Bonus-қа айналдырасыз», — деп түсіндірді «Kundelik.kz» ЖШС маркетинг менеджері Михаил Лавренов.
Оның сөзінше, оқушы S.Bonus-ты 30 күн ішінде қолданып үлгеруі тиіс. Сонымен қатар бағдарламаның арнайы талабы бар. Мәселен, бала бір тоқсанда тек 10 мыңнан аспайтын бонусты айырбастай алады. Одан жоғары сомаға рұқсат етілмейді.
Мұндай жобының бар екенін Астана қаласындағы №64 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Назерке Жұмабек жуырда Tik-Tok желісі арқылы білген. Ол бірінші тоқсандағы бестік бағалары үшін 10 мың бонус алып, оны кundelik.kz сайтында 10 мың теңгеге конвертациялаған. Сөйтіп, техника сататын дүкеннен сымсыз құлаққап сатып алған. Ал оның 50 пайыз құнын мектепте білім алумен тапқан бонуспен төлеген.
Екінші тоқсанның соңы Жаңа жыл мерекесіне тұспа-тұс келгендіктен, оқушы қыз бұл жолғы бонусын ата-анасына сыйлық алуға жұмсамақ болып шешіпті. Екінші тоқсанда жинаған 9 мың ұпайы 9 мың теңгеге тең. Осылайша, ол Жаңа жыл мерекесінде ата-анасын қуантқан.
«Бұл жоба оқуға деген талпынысымды арттырып, мотивация берді. Оқу үлгерімімді бір қалыпта сақтап келемін. Үздік оқушымын. Ақша жұмсау жоспарын құрып, техника дүкенінің жеңілдік акцияларын бақылап отырамын. Өзіме тиімді шарттар болған кезде тауар сатып аламын», — дейді Назерке Жұмабек.
Қанша K.Bonus жинағаныңызды қалай білуге болады?
Бағдарлама аясында жиналған бонустарды тексеру үшін бағдарламаның веб-сайтына тіркелу қажет. Ол үшін https://bonus.kundelik.kz/kz сайтына кіріп, тіркелу бөліміне өтесіз. Кейін экранның оң жақ жоғарғы бұрышында «Кіру» батырмасы шығады. Оған өтіп, жеке мәліметтеріңізді енгізіңіз. Бұл орайда, платформаны құрастырушылар ұялы телефон нөмірін терген кезде мұқият болуды ескертеді. Егер ол қате көрсетілген болса, онда қолдау қызметіне хабарласып, басқа нөмірді енгізуге болады. Барлық қажетті жолдар толтырылғаннан кейін «Сақтау» батырмасын басасыз. Артынша, «Менің белсенді балансым» блогында жинаған K.Bonus-тар санын көруге болады.
Ал K.Bonus-ты зат сатып алу мақсатында S.Bonus-қа қалай ауыстыруға болады?
K.Bonus-ты зат сатып алу үшін міндетті түрде S.Bonus-қа айырбастау қажет. Ол үшін сайттың төменгі жағында орналасқан «Бонустарды айырбастау» батырмасын басу керек. Осыдан кейін техника сататын дүкен сайтының беті ашылады. Онда оқушы K.Bonus-қа тіркелген телефон нөмірін көрсетіп, растау кодын енгізуі тиіс. Осы сәтте сіз дүкеннен хабарлама күйінде келетін кодты теруіңіз қажет. Әрі қарай қанша K.Bonus-ты S.Bonus-қа айырбастауға дайын екеніңіз сұралады. Оның мөлшерін анықтағаннан кейін, оқушылар оларды еліміздегі тұрмыстық және электрондық техника дүкендерінің бірінен тауарлар сатып алу кезінде жұмсай алады.
«2023 жылы біз бұл бағдарламаға қатысатын серіктес дүкендердің санын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, ұпайларды бонусқа айналдыру бастамасын кезең-кезеңімен 7, 8 және 9-сынып оқушылары үшін де қолжетімді етеміз», — деп мәлім етті «Kundelik.kz» ЖШС маркетинг менеджері Михаил Лавренов.
Kundelik Bonus-тың жарамдылық мерзімі
Құрастырушылардың талабына сай, K.Bonus-ты қолдану мерзімдері белгіленген. Атап айтқанда 1-тоқсанда (01.09.22 — 06.11.22) алынған бонустар 20 қарашаға дейін жарамды. Ал2-тоқсанда (07.11.22 — 08.01.23) жинақталған бонустарды оқушылар 15 қаңтарға дейін қолдануы тиіс. 3-тоқсанда (09.01.23 — 26.03.23) қандай да бір мөлшерде бонус алсаңыз оны 1 сәуірге дейін пайдалануыңыз қажет. 4-тоқсанда (27.03.23 — 15.06.23) жинақтаған ұпайларға зат сатып алу 15 маусымда аяқталады.