Асхат Аймағамбетов қандай қазақстандық авторлардың кітабын оқуға кеңес береді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қазақ тіліндегі кітап сатылымының артқанын айтып, ата-аналар мен оқушыларға қазақстандық бірқатар автордың шығармаларын оқуға кеңес берді, деп хабарлайды bilikti.kz порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Министр 2020 жылы «Оқуға құштар мектеп» ауқымды республикалық жобасы іске қосылғанын еске саалды. Оның мақсаты – балаларды көркем әдебиет оқуға баулу.

«Жобаны іске қосқанға дейін жүргізген талдау мектеп кітапханаларында, әсіресе қазақ тілінде заманауи көркем әдебиеттің жоқ екенін көрсетті. Осыған байланысты әдебиеттің ең алдымен, қазақ тілінде қолжетімді болуын және ғылыми фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармаларының басылымдар тізіміне енгізілуін басты назарда ұстадық.

Мектептерді кітаппен қамтамасыз ету, кітапханашылардың жұмысын қайта қарау, жұмыс істеп тұрған мектеп кітапханалары мен коворкинг орталықтарын жөндеу және жаңадан ашу, сондай-ақ балалар арасында жарыстар өткізу, кітап оқуға 20 минут уақыт бөлу және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды», — деп жазады ведомство басшысы.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, екі жылда мектеп кітапханаларына 4 миллионға жуық әдебиет сатып алынды. Алайда, жоба барлық өңірде бірдей сапалы жүзеге асырылып жатқан жоқ.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, мектептердегі демалыс аймақтарында кітапханалар ұйымдастыру жоспарда бар. Осыған байланысты кесте бойынша ашылып, кілтке жабық тұратын дәстүрлі мектеп кітапханаларынан бөлек, кітап оқуға, тіпті үй тапсырмасын орындауға ыңғайлы болатын аймақ құру көзделіп отыр.

«Қазірдің өзінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының оң әсерін көріп отырмыз. Сұраныстың арқасында ұсыныс пайда болып, ол нарықтың дамуына әсер етті. Соңғы жылда мемлекеттік тілдегі аударма әдебиеттер саны еселей артты. Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымына да әсер етіп отыр, биыл айтарлықтай өсім тіркелді.

Тіпті оқырман ретінде қазақ тіліне жоғары сапалы аударылған бестселлерлерді жиі кездестіремін. Мысалы, қазақ тілінде оқыған кітаптарымыздың бірі – «Хәрри Поттер» мен «Ғажайып» аудармалары.

Сапалы басылымдар мен қазақстандық авторлардың көбейіп келе жатқаны да қуантады. Мысалы, жақында оқыған қазақстандық авторлардың төрт басылымы ұнады (оның ішінде балалардың):

1. Ақиқат Рас «ШколаТА»

2. Рүстем Сауытбай «Шоко әлем»

3. Зира Наурызбаева «Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері»

4. «Еркетай» комикстері.

Кішкентай балаларымызға кітапты дауыстап оқып беруге, оларды қолдап, кітап оқуға баулуға, оны сатып алып беруге, кітап көрмелеріне бірге баруға шақырамын.

Әрине, балаларға өзіміз үлгі болып, оқудың маңызды екенін көрсете білуіміз маңызды», — дейді Оқу-ағарту министрі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *