Инклюзивті білім берудегі танымдық белсенділікті арттыру жолдары

Авторы: Мұратова Гүлжайнар Болатбекқызы, Бастауыш сынып мұғалімі

Педагогикалық идеяның аннотациясы:

Заман талабына сай педагогикалық теория мен практиканың даму кезеңіндегі өзекті мәселелердің бірі – инклюзивті білім беруді қажет ететін оқушының танымдық қызығушылығын қалыптастыру арқылы мектепкте оқытуға дайындау болып табылады. Білім берудің әдісін қалыптастыруда заманауи оқыту технологиясының маңызы зор. Танымдық қызығушылық- баланың табысқа жету дағдысын қалыптастырады.

Педагогикалық идеяның тезисі:

Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытудың қолданыстағы нормативтік құқықтық базасының басты постулаты ‒ білім беру ортасын білім алушының жеке ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктеріне бейімдеуді қамтамасыз ететін, педагогикалық әдісті ескере отырып, олардың тұратын жері бойынша барлық білім алушылар үшін тең білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге негізделеді.

Инклюзивті білім беру – мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытып үйретудің бір формасы. Бұл арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды. Инклюзивті білім берудің Қазақстанда өріс алуы қажеттілік әрі перспективалық іс екенін мойындаймыз. Инклюзивті білім беруді дамытуды мүмкіндіктері шектеулі балалардың білім алу жүйесін жетілдірудің басты бағыттарының бірі ретінде қарастырған жөн. Денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық ерекшеліктері бірлескен оқу мен тәрбиелеу төңірегінде шиеленіседі және педагогтың ерекше назары мен жағдайын талап етеді.

Инклюзивті оқыту — адамдармен қарым — қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді.

Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы.

Инклюзивті оқыту балалардың оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады.

Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді. Мектеп алдында мынадай міндет тұр:оқушылардың, соның ішінде денсаулық мүмкіндігі шектеулі балалардың ойдағыдай әлеуметтенуі үшін бірқатар біліктілік қабілетін қалыптастыру. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек», — деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әрбір баласы – еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі шектеулі оқушының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау міндетіміз болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі бір оқушының болса да білім сапасының жоғарылауы, ұлтымыздың саналы келешегіне қазіргі уақыттан бастап жинақталынып жатқан қор деп түсінуіміз қажет.

Танымдық белсенділік деп оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін есепке ала отырып ұйымдастырылған таным үрдісінде пайда болатын, бекітілетін, дамитын жеке тұлғалық қасиет ретінде анықтауға болады.

Танымдық белсенділіктің көрсеткіштеріне тұрақтылық, оқу саналығы, шығармашылық қабілеттері, дәстүрден тыс оқу жағдайларындағы тәртібі, оқу міндеттерін шешудегі өз беттілігі, т.б.  жатады.

Танымдық белсенділік — баланың психологиялық  дамуының алғы шарты.

Қызығу танымдық іс – әрекеттің қозғаушы күші. Оқушыларда танымдық қызығуды қалыптастырудың үш жағдайы бар:

  1. Оқытудың мазмұны, оның берілу  түрі, жаңалығы, ғылым мен техниканың соңғы табыстары.
  2. Оқушының таным әрекетін ұйымдастыру формалары, құралдарын және әдістерін жетілдіру.
  3. Мұғалім мен оқушы, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым –қатынасы, сыйластық, ізеттілік орнатып, жүрек жылуының болуын қамтамасыз ету.

«Инклюзивті білім берудегі танымдық белсенділікті арттыру жолдары»

… Мұғалім – мектеп тірегі. Қандай мұғалім болса, мектеп те соған сай болмақ, яғни оқушылардың білім деңгейі мұғалімнің өзі қаншалықты дайындықтан өткендігіне тікелей байланысты болады … .

А.Байтұрсынов

  Басты мақсат — Инклюзивті оқушыларға түрлі ойындарды қолдану арқылы мұғалім оқушыларға өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландыру мен қатар, әрқашан да оқып-білім алуға ұмтылуға бағыт-бағдар бере отырып, жан-жақты жетілген, өзінің тарихи тамырларын, қоғамдағы орнын түсінетін белсенді азаматтарды қалыптастыру.

Болжамы: Егер, ерекше білімді қажет ететін оқушының танымдық қызығушылықтарын қалыптастырудың дұрыс ұйымдастырылған  шарттары анықталып, оқу–тәрбие үрдісінде басшылыққа алынса, онда педагогикалық әрекет, негізгі ойлау операциялары, логикалық ойлаулары жетіліп, оқушылардың білімділік деңгейлері артар еді. Ерекше білімді қажет ететін оқушының жалпы сыныппен араласуы жақсарып, мектепке бейімделуі жеңіл өтіп, мектепке деген жағымды қарым-қатынасы қалыптасады.

Менің мақсатым: «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын»

Баланың бастапқы жеке басын қалыптастыру үшін біз ең алдымен баланы мектепке бейімдеуіміз керек. «Қазақ тілі терминдерінің ғылыми түсіндірме сөздігінде» бейімделуге «кез-келген әлеуметтік жүйелердің, тұлғаның немесе топтың қоғамдық ортаға икемделу үрдісі, тіршілік ету ортасына жауап беруі немесе басқаруы» деген анықтама берілген. Бұл жерде қоршаған ортаға қарым-қатынасы оған бейімделуі басқаша. Адамға тек қана орта ықпал етпейді, сонымен бірге, адамның өзі әлеуметтік-психологиялық жағдаяттарды өзгертеді. Бала тек сыныбына ғана емес, жалпы мектебіне, мұғаліміне, сондай-ақ, мұғалімнің өзі жаңа оқушыларына бейімделуіне тура келеді. Баланың мектепте алғашқы кезеңде болуы, оның жаңа жағдайға әлеуметтік-психологиялық бейімделу мезгілі болып табылады. Баланың барлығы өмірлік әрекеттің жаңа жағдайына табысты түрде бірдей бейімделмейді.

Менің жағдайымда ерекше білімді қажет ететін оқушы 2022-2023 оқу жылында 2-ші сыныпқа келді. Диагнозы: Қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекеттесудің бұзылуы. Сөйлеудің болмауы (Нарушение общения и социального взаимодействия. Отсутствие речи). Педагог-ассисенттің көмегімен оқитын бала.

Оқушы ең алғашқы сабаққа келген күні өзін ұстауда қоғамға кедерілер келтірді, қасына ешкімді жолатқысы келмеді. Мұғалімнің берген тапсырмаларын да орындамай, агрессия көрсетті, бұл сынып оқушыларының назарын аударып, жалпы білім беруде өте қатты келеңсіздіктер тудырды. Сол кезден бастап, алдымызда отырған баланы жітік зерттеуге көштік. Әрине, кәсіби білімнің жетіспеулігінің себебінен оңай болды деп айта алмаймын. Алдымен, әр-түрлі ойыншықтар беру арқылы сыныптастарының арасында отыруға үйреттік. Кейін, пазл әкеліп, құрастыруға ұсындым. Сол кезде баланың ерекше қызығушылық танытқанын байқадым. Міне, сол кезден бастап, алдымен қарапайым түрлі-түсті суретті А4 қағазға шығарып, оны әр-түрлі тәсілдермен қиып құрастыра бастадық, артынан, сол қағаздарға тапсырмалар қосып жазып беру арқылы оқушымен бірге тақырыпты біртіндеп педагог-ассисенттің көмегімен түсіндіре бастадық. Арасында, өзге де оқушылармен бірге түлі логикалық ойлауды қажет ететін тапсырмаларды орындауды да ұсындық. Осылайша, оның белсенділігі артып, сыныптастарымен қарым-қатынасы қалыпқа келе бастады.  Аутизм диагнозы бойынша отырған оқушыға ұсынатын әдіс-тәсілдерім:

«Мен саған, сен маған» әдісі

Бұл жерде оқушыға конструктор беріледі, арасында бірнешеуіне сандар жазылады. Оқушы сол сандарды дұрыс жинау арқылы 1 ден 10-ға дейін тура, және кері санап тізіп шығады.

 «Пазл» әдісі

Тақырыпқа байланысты суреттер пазл арқылы беріледі,
сол суреттерді оқушы құрап отырғанда түсіндіріп отырса,
оқушының мұғалімді тыңдауы да арта береді

«Геометриялық фигуралар»

Бұл жерде баланың ұсақ заттармен жұмыс істеу моторикасы артып, тапсырмаларды ойнау арқылы ойлап отырып орындайды. Тіл сабақтарында көбінесе қоладамын. Геометриялық фигуралар көп мөлшерде шығарып, жасырын сөздерді құрастырып, дайын шаблонға жапсыру ұсынылады

«Сәйкестендір»

Дөңгелекшеге сұрақтар жазылады да, жауаптары кір қысқышқа жасырылады, оқушы сұраққа сәйкес жауапты таңдап, жанына кір қысқышпен қысып қосып қоюы керек

Қорытынды:

Бүгінгі таңда Қазақстанның дүниежүзілік білім кеңістігіне ену қажеттілігі көтеріліп отырған кезеңде білім беру мәселесін, әдіс-тәсілдерді инновациялық үрдістермен алмастыру арқылы жалпы білім сапасын арттыру көзделген. Осы орайда әрбір мұғалім озық технологияларды терең талдаудан өткізіп, өзіне тиімдісін таңдауы керек. Сонау ХХ ғасырдың басында Ж.Аймауытов: «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген екен. Қазіргі заманғы мұғалімнің басты мақсаты- оқушыны терең білім алу мен сапалы ойлауды дамытуға жетелеу болып есептеледі. Қазіргі ғылым мен техниканың даму кезеңінде алдымыздағы шәкірттің жан-жақты, білімді, ой-өрісі кең болып шығуына ықпал ететін мұғалім екені түсінікті. Сондықтан сабақта шығарылатын есептер оқушының ойлау қабілетін дамытатын есептер болу керек. Ал тіл сабақтарында оқушы бірнеше сөздің басын құрай алса, міне, бұл нағыз мұғалім жетістігі деп айтуға болады. Қазір кезде қыркүйек айынан бастап қараша айына дейін оқушымен жоғарыда айтылған әдіс-тәсілдер арқылы жүйелі түрде жұмыс істеп, келесідей көрсеткіштерге жеттім. Бұл алғаш рет ерекше білімді қажет ететін оқушымен жұмыс істеп жүрген мұғалім үшін кіші жеңіс деп айтуға болады.

03.09 күнгі көрсеткіштер

25.11.2022 күнгі көрсеткіштер

Бұл жұмысты әлі де тереңдете түсуге де үлкен мотивация болып отыр.

Ендеше үздіксіз дамып жатқан шақта бізге жаңа жүйеде жұмыс жасай білетін жаңашыл мұғалім қажет. Оны әрі қарай тереңдете түсу үшін келесідей ұсыныстарым бар:

  • Оқушының ата-анасымен, пән мұғалімдерімен тығыз қатынаста болу;
  • Мектеп психологымен жұмасына 2 рет қосымша сабақ өту;
  • Ресурстар санын көбейту;
  • Дидактикалық материалдар, жұмыс дәптерлері, мұғалімдерге, педагог-ассистенттерге арналған жеке диагноздар бойынша әдістемеліктер шығарылса.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Танымдық қызығушылықты қалыптастырудың дидактикалық жолдары. Ізденіс – Алматы, 2006ж. №1.
  2. Бастауыш мектеп журналы. 2006ж. №6.
  3. Л. С. Николаева, Л. И. Лесных. Использование нетрадиционных форм занятий. //  «Специалист», №2, 1992. 5-6-б.
  4. https://bkokdi.kz/kz/smartconf2019/4-section/4950-conf.html

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *