Мен – Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!

Оралбекұлы Жәнібек, «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ 11- сынып оқушысы

Мен – қазіргі күнде шұғылалы алтын күн мен Тәуелсіздік символы – көк аспан төрінде еркін самғаған қыран құс бейнеленген, көк байрағы желбіреген, айбарлы әнұраны асқақтаған, ал өткен жылдар торабында небір сұрапыл жылдарды бастан өткерген ерен ер халқы бар абыройлы Қазақстан елінің Ұланымын! Халқымның басынан кешкен тауқыметті жылдар – әрдайым сонау заманнан бергі қазіргі күнге дейін, күн сайын зиялыларын да, «елім» деп жүрегі соққан әрбір азаматты толғандырып келе жатқан өшпес тарих тақырыптарының бірі. Өз басым Тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл Егемендіктің қандай жолмен келгенін жақсы білемін. Сол қасиетті жылдармен, Қазақ елінің қайтпас қайсарлығымен, дана хандардың ел басқару саясатымен, билердің әділ төрелігімен, ақиық ақындар мен жазушылардың жыр, нұр қаламдарымен жазықсыз жала құрбандарының нақақ көз жасымен, халқымыздың болашаққа деген сенімділігімен келген еркіндігіміз – біз үшін баға жетпес асыл мұрамыз. Жарқын болашақтың таңы атты, еркіндік есігін айқара аштық! Ел ертеңі, ұлт болашағы біз – бүгінгі күннің жастары. Жақында мектебіміздің «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау салтанатты іс-шарасы болғанда, маған  мектеп директоры мен ұстаздарымыздың алдында артымнан ерген келешектің кілтін ұстар «Жас Ұландықтарға» еліміздің көк байрағы желбіреп, әлемге таныла берсін деген ниетпен жүрекжарды тілегімді білдіре отырып, ұйымның жаңа мүшелеріне төсбелгі тағу құрметі бұйырды. Сонымен қатар өзімнің мектеп алдындағы президенттік міндетімді 10-сынып оқушысы Жұмақан Айсымбатқа табыстадым.

Келелешекте де жоғарғы оқу орнына түссем де, маман иесі атансам да түлеп ұшқан алтын ұя мектебіме қолдау көрсетуден тайынбаймын. Төзімділіктің қыл көпірінен өткен өршіл рухты, «қазақ» атын қасқая мың қайталап елім үшін аянбай еңбек етуден жалықпаймын.

Оралбекұлы Жәнібек, «Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ 11- сынып оқушысы

One Reply to “Мен – Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *