Ахмет Байтұрсынов мұрасы және қазіргі білім беру мәселелері

Тұғырлы тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, тарих пен таным, дін мен тіл, дәстүріміз бен салтымызға оралғалы көп нәрсе өзгерді. Том-томдап мұрағатта аса құпия сақталған еңбектер жарыққа шығып, халқымыз өзімен қауышты деуге әбден болады. Елдің елдігі ерлерінің ерлігімен ғана емес, берік бірлігі, терең тамырымен өлшенеді. Сол өлшемнің мөлшерінен асып түсетін Алаш зиялыларын өткеніміз деп емес, бүгін мен ертеңге темірқазық ретінде дәріптеу үшін 30 жыл да аздық ететінін анық түсіндік. Дегенмен ұлт ұстазын толық тану, тұлғалық болмысын ашу бізге алдымыздан көп есіктерді ашып жатыр. Ахмет Байтұрсыновтың мұралары бір қарағанда екі аяғын тең басқан, ақыл тоқтатып «еліме не беремін?» деп елеңдейтіндерге арналғандай көрінеді. Бірақ адам бойында болуы керек қасиеттер рухани бай Байтұрсыновты оқу арқылы келеді деп нық сеніммен айтар едім. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, түрлі салт-сананың ықпалына еріп, жұтылып, жұтаң болып кетпес үшін де Ахметті оқу керек. Ахмет әлемінде әлемге керек құндылық, масштаб бар. Еңбектерінің жазылғанына үш ғасырдан асса да алдағы он, жүз жылдыққа жетер бағыт бар, білім бар. Ақыл тәрбиесі, құлық тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, дене тәрбиесі деп аталатын төрт тәрбиені толық игермеген ұрпақ ізгі де, ізетті де болмайды. 

        Осыларды беру жолында даналардың ойынан дән іздеген жөн. Ұлт ұстазының қай еңбегін алып қарасақ та саяси сауат, экономикалық өсу, динамикалық дамудың тетіктері, қазаққа қай бағытта қалай қозғалу керектігі туралы айтылған. Оған себеп Ахмет ұлттың психологиясын бір кісідей меңгерген, зерттеген ғалым. Ғылымды ғалымнан асып, артып кім жазсын?…

        Ахмет еңбектеріне сүйеніп ізгі қоғам құрып, ізетті ұрпақ тәрбиелеу нағыз тура жол болмақ. XXI ғасыр адамдардың емес, техника мен технологияның жарысына айналды. Жасанды интеллектінің жоғары дамуы адамдардың өмір сүру жағдайын қалай жақсартса, дәл солай ішкі рухани дамуын тежеп жатыр. Қазіргі білім беру ісінде сол жылдамдыққа оқушыларды ілестіру үшін тез оқу, қысқа сөйлеу, өз жадына емес техниканың жадына сену сияқты проблемалар пайда болды. Сол таланттар заман талабына сай болатыны талассыз, дегенмен елжанды болу, еліме қайтсем еңбегімді сіңіремін деп алаңдау, дәстүрді дәріптеу, салтты сақтау, өз қанын, жанын қазақ қылуды сана биігінде ойлау мүлдем бөлек тәрбие. Демек мектеп оқушыларын оқытуда жіберіп жатқан қателіктің бірі әрі ірісі патриотизм тек парақ бетінде қалып жатыр. «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі» деген бір сөздің түбінде ұлт болашағы білімде деп болжағанын білуге болады. Қазір қазақы қалыптан қалып, ұлт зиялылары тек ашық сабақ, ой жарыстары, сан түрлі сайыстар барысында айтылып келеді. Содан болар Ахметтің арманынан алшақпыз. Түрмеде отырып түрлі кітап жазып, қайтсем де қазаққа қызмет қыламын деп қалдырған мұралардың міндеті бір мүдде ғой. Ал біздің мақсат сол мүдденің үдесінде ұйымдасу. 

      Мектеп жасындағы жеткіншектердің санасы ақпаратқа ашық әрі таза кезінде мейлінше ұлттық идеологияны құю қажет. Бала сол басынан да, жасынан да өз тарихы, мәдениеті, діңгегімен мықты екенін білсе, пейілі ақ та адал болады. Ең қастерлі әрі абыройлы іс елге қызмет екенін есейгенде емес, жас күнінде ұғыну үшін көп ақылдың қажеті жоқ. Тек бағыт беру керек. Патриотизм ұрандату, жалауды жықпау, екі шумақ өлең жаттау, бір кітап оқу емес. Патриотизм–Ахмет үйреткендей ұлтыңа, жұртыңа адал ұл болу, өз халқыңа сыйлы әрі сыйымды перзент болу. 

         Қазақ қашан да экономика, саясат, психология, философия салалары, әлеуметтік мәселелерді шешудегі әлеуеті жоғары болған халық. Ахмет Байтұрсынов қазақтың жады жыр, дастан, қисса жаттауға жатыққан, ал тіл байлығы бір тақырып төңірегінде том-том кітап жазуға жететінін жақсы білген. «Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, мағына жағының күштілігімен жағады» деген сөзге қарап-ақ сөз құдіреті жайлы кесіп айтуға болады. Сөз өнерін Ахметтен асып зерттеген зиялы зияткер жоқтың қасы. Тілді теориялық, практикалық тұрғыдан толық зерттеуі арқылы ғылыми еңбектер жазып, оны білім қорына енгізді. Қазақ тілінің тазалығын тап сол күйінде сақтау үшін де еңбектерінде емле, грамматика, синтаксиске ерекше екпін түсірді. Осы ретте айта кеткеніміз абзал болар, біз қазір білім алушыларға көптілді білім береміз деп қазақ тілін қатардағы тіл деңгейінде ғана игеруіне жол аштық. «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген сөзі әлі маңызды. Бұл ойды Ахаң XVII ғасырда айтты, ал бұл техниканы дамыған елдер енді қолданысқа енгізді. Бізге өзгеден үйренуге асығудың әсте қажеті жоқ. Тарихқа терең үңілсек сол да жеткілікті болар еді. Бастауыштан бастап бірнеше тілді меңгерткеніміздің салдарынан сөз, сөйлем құрылымы аударма, кірме сөздермен кірігіп кетті. Тіл тазалығынан тым алыстатып алдық. Оқушылар да, ересектер де ұзақ мәтін, терең толғауды ойлағысы да, оқығысы да келмейді. Уақыт қысқартамыз деп тіл қысқарып, шұбартылып барады. Бұл ғаламдық деңгейдегі мәселе болмаса да, асқынып жатқан бір дерт. 

         Қазақ тілді болу бір бөлек, қазақ жанды болу бір бөлек. Ахаңа сол заманда айнадағыдай айқын көрінген кейбір проблемалар қазір де барын байқаған боларсыздар. Тіл–ұлттың, мемлекеттің тірегі. Ұлтты сұрапыл соғыс, қанды қырғын, құлдырау мен құрудан құтқаратын бір құрал осы тіл. Демек ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе ұрпаққа білім беру ісінде ұлт ұстазынан ұлтжанды, тіл жанашыры болуды үйреніп, соны үйретуден асқан сауапты әрі жауапты іс жоқ болар… 

          Қысқа қайырғанда, заманына қарай адамы деп техниканың тілін тауып, ойын түрлі тілде түрлендіріп сөйлейтін баланы ғана бағалау, сол дағдыға басымдық беру рухани жұтаңдыққа жақындататынын түсінейік. Күретамырға күллі зиялының зердесін құя алмасымыз анық. Алайда анық жүру, ақырын басу, адам болу, кемелдену өзіңді, өз ұлтыңды, тамырыңды танығанда ғана келеді. «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді» деген сөзді Ахаңның емес, ата-бабамның сөзі деп қабылдаған ұрпақтан ұлы адам шығарына сенемін.

Далелхан Юра
Қазақ тіл мен әдебиет мұғалімі
Ұлан ауданы Қанай орта мектебі «КММ»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *