ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласындағы ротацияға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Білім туралы» Заңына «ротация» ұғымы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша 2021 жылы енгізілген. Заң жобасы бекітілгенге дейін мемлекеттік органдармен, оның ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті органмен, сондай-ақ заң қызметтерімен келісуден өткен, оған Үкімет қорытындысы берілген. Сондықтан Еңбек кодексіне қайшы емес. Заңның нормаларын іске асыру үшін «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығымен бекітіліп, ҚР Әділет министрлігінде 2021 жылғы 12 қарашада № 25128 болып тіркелді және мемлекеттің барлық аумағында қолданылады», — деп жазды Ғ. Бейсембаев Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидалары Заңның 5-бабының 35-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу тәртібін айқындайды.
«Заңға және Қағидаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы білім беру ұйымдарының бірінші басшылары арасындағы бір елді мекен шегінде жүзеге асырылатын лауазымдық ауыстырулар.
«Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысының бір ұйымда 7 жыл жалпы еңбек өтілі бар болған жағдайда ротациялауға жатады. Білім беруді басқару органдарының кадр қызметі ротация жүргізу үшін ротацияға жататын бірінші басшылардың тізімін қалыптастырады. Одан кейін «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығымен бекітілген бірінші басшының жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері бойынша оннан астам жұмыс бағытын қамтитын есеп қалыптастырылады», — деді министр.
Тиімділік көрсеткіштері бойынша мәліметтерді тиісті комиссия қарайды.
«Ротацияның мақсаты — бірінші басшының кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Сондықтан тиімді менеджерлер ротацияланады, ал тиімсіз менеджерлер ротацияға жатпайды, себебі олардың қызметінің нәтижелері білім сапасын арттыруды қамтамасыз етпейді. Басшылардың осы санаты үшін нормативтік құжаттарда басқа шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес үш жылда бір рет өткізілетін аттестаттау, басшылардың қызметінің нәтижесінде олардың мансаптық өсуін көздейді», — деді Ғани Бейсембаев.
Ведомство мәліметінше, 2022 жылда 961 бірінші басшы ротацияланды және жаңа білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Алматы қаласы бойынша 2022 жылы 8 бірінші басшы ротацияланды. Ротация аясында қамтылған бірінші басшылардан шағым түскен жоқ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр Қазақстанда алғаш рет білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау басталды.