300-ден астам қазақстандық ЕҰУ «Күміс университетінде» білім алды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қоғамның дамуына үлес қосып, өзінің әлеуметтік бағыттағы үшінші миссиясын белсенді жүзеге асырып келеді. Life Long Learning аясында 55 жастан асқан қазақстандықтарға 35 курс тегін ұйымдастырылды. 2000-нан астам аға буын өкілі ЕҰУ Күміс университетінде білім алуға ниет білдірді, оның 300-ден астамы тиісті сертификаттарын қолға алды.  

    Қайыпқали Смағұлов – ЕҰУ Күміс университетінің ең үлкен тыңдаушысы. Оның жасы 81-де. Астаналық тұрғын кез-келген жастағы азаматтың ағылшын тілін білуін  заман талабына балайды. Сондықтан қария Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған «Қарым-қатынас пен саяхатқа арналған ағылшын тілі» курсына арнайы жазылған. 

«Егде жастағы адамдарға арналған Күміс университет – біз үшін үлкен мүмкіндік. Еуразия ұлттық университеті менің замандастарымды тегін оқытатыны жайында оқу ордасының сайтынан білдім. Бұған дейін де шет тілін өз еркіммен меңгеріп жүргенмін. «Күміс университет» арқасында білімімді ары қарай жетілдіріп жатырмын. Университеттің оқытушылар өте білікті»-деді тыңдаушы. 

   Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің әлеуметтік миссиясы аясында аға буын өкілдерінің қосымша білім алуына және әлеуметтенуіне мүмкіндік ұсынып отыр. Курстар бағдарламасы тыңдаушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген. Олар қатысушылар санына байланысты бірнеше топтарда өткізіледі. Бүгінде ЕҰУ оқытушылары Күміс университетте 12 бағыт бойынша 100-ден астам адамға білім беруде. Оның 80-і ағылшын тілінде білім алуды ұйғарған. Тыңдаушылар 15 топқа бөлінді.

    «Күміс университет» 2022 жылдың ақпан айында ашылып, жасы 55-тен асқан тұрғындарды тегін оқыту жұмысын бастады. Оқу ұзақтығы шамамен 4 айды құрайды. ЕҰУ факультеттерімен бірге әртүрлі бағыттар бойынша курстар ұйымдастырылады және оқу бағдарларын әзірлеу барысында тыңдаушылардың жас ерекшелігі ескеріледі.  Қазіргі уақытта «Цифрлық сауаттылық», «Қарым-қатынас пен саяхатқа арналған ағылшын тілі», «Емдік дене шынықтыру», «Қазақстан тарихы мен әдебиеті», «Парсы тілі», «Француз тілі» «Венгер тілі» тәрізді 12 курс өткізілуде. Венгер тіліне қабылдау 2022 жылдың қазан айынан басталып, 2023 жылы да жалғаспақ. Француз тілінде оқыту өткен жылдың желтоқсан айынан бастау алды»,деп «Күміс университеттің жұмысы жайлы  Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының директоры Әсем Ильясова түсіндірді. 

ЕҰУ-дағы Күміс университетте 2023 жылдың қаңтар айынан жаңа курстар ұйымдастыру жоспарланған. Оның ішінде «Құқықтық және экономикалық сауаттылық», «Өнер», «Кескіндеме» бағыттары бар. Бұл жайлы толық ақпаратты төмендегі сілтеме арқылы білуге болады: 


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *